Ой саларлық үш оқиға Такси жүргізушісі қаладағы ең бай миллиионерді жеткізіп салады. Жеткен соң миллионер жолақысын артық та қылмай, кем де қылмай төлейді. Бұған таң қалған жүргізуші: - Кеше мен сіздің ұлыңызды жеткізіп салған едім, ол маған шәй-пұлыңыз деп 100 доллар қалдырып кетті. Ал сіз... - Енді сізге не керек: оның әкесі – миллионер, ал менің әкем жоқ... Жетіммін! Бұдан не түйеміз? Ақшаны адал еңбекпен тапқан адам ғана қадірін біледі. ***** Бір күні ферма қожайыны тышқанға қақпан құрып қояды. Мұны тышқан байқап қалып, не істерін білмей тауыққа, қойға және сиырға келіп айтады. Бірақ олар тышқанға бейжай қарап: «Қақпан саған арналған. Демек ол сенің шаруаң! Бізге оның түкке де қатысы жоқ» деп шығарып салады. Біраз уақыт өткен соң сол қақпанға ферма қожайынының әйелін шағып алған жылан барып түседі. Күйеуі әйелін емдеу үшін оған тауықты сойып, сорпа жасап береді. Оның хал-жағдайын сұрап келген қонақтарына ас ұсыну үшін қойды сойып, тамақ жасатады. Әйелі жылан уынан шыдай алмай көз жұмады. Одан соң қожайын жерлеуге келгендерге тамақ беру үшін сиырды сояды. Мұның бәрін қабырғаның тесігін бақылап тұрған тышқан ешкімге қатысы жоқ шаруа жайлы ойлап тұрды... Бұдан не түйеміз? Егер сізге қандай да бір жағдай тікелей қатысты болмаса да, табан астында ойламаған жерден келіп сол жағдай аяғыңыздан шалуы әбден мүмкін. ***** Ағаш басында отырған бүркітке кішкентай қоян келіп: - Мен де сен сияқты түк істемей, жай демалып отырсам бола ма? – дейді. - Әрине, болады. Неге болмасын? Отыра бер! – деп жауап береді бүркіт. Қоян ағаштың түбіне барып отырған сол еді, артынан түлкі шығып оны жеп қоя салды. Бұдан не түйеміз? Ештеңе істемей, жай ғана демалып отыру үшін сіздің орныңыз жоғарыда ғана болуы керек!