һ 🌼 1. Оразаның алғашқы 3-4 күні ғана ауырлау болуы мүмкін. Ал одан кейін ағза ақырын-ақырын үйрене бастайды да, кейінгі күндері жеңіл өтеді. Ең бастысы, ораза тұтқан адам алдымен ниетін дұрыстауы керек. Алла разылығын шын ниетімен көздеген адамға таңнан кешке дейінгі ашығудың көп қиындығы жоқ. Егер ниеті мен ықыласы дұрыс болатын болса, Алла өз жеңілдігін беріп қояды. Себебі, ниет – құлшылықтың негізгі факторы. Ниетті туралау үшін ораза тұтқандарға Алла Тағаланың Ақыреттегі беретін сыйы жайлы кітаптарды көбірек оқу ләзім.
🌼 2. Рамазан құлшылық айы болғандықтан, басқа еш нәрсеге алаңдамау керек. Сол үшін жаздық кезекті еңбек демалысын осы Рамазан айына сәйкестендіріп алуға тырысу және жаз мезгілі құрылыс жұмыстары, т.б. жұмыстардың қызатын кезі болғандықтан, ондай жұмыстарды алдын-ала істеп немесе кейінге қалдырып қойған дұрыс болады. Себебі, “Ақыреттік істерге көбірек көңіл бөлген адамның бұл дүниелік істеріне Алла Өзі жәрдемдеседі” деген ғалымдар.
🌼 3. Сәресін ішуді жіберіп алмауға тырысу керек. Себебі, сәресін ішпеген адам оразасын онан ары жалғастыруға мәжбүр болады. Ал мұндай жағдай ораза ұстаушыға ауыр тиері анық. Ол үшін күндіз уақыт тауып тынығып алған және шұғыл жұмыстарды түске дейін бітірген жөн.
🌼 4. Дінімізде қатты ыстық күндері салқын су құйынып, денені салқындатып алуға әрі ауызды шаюға рұқсат етілген. Пайғамбарымыздың ﷺ бір хадисінде «Алла Елшісі ﷺ шыжыған ыстықтан құтылу мақсатымен басына су құятын» - деп айтылған.
(“Әл-Мууатта” кітабы, 1/294, Имам Мәлик. Әбу Дәуд 2365, Ахмад 4/63)
🌼 5. Асқазаны ауыратын немесе денсаулығында басқа да кінәраты бар адамдар алдын-ала емделіп алғаны абзал.
🌼 6. Рамазан айындағы жақсы істердің сыйы еселенетінін ескеріп, мұқтаж адамдарға қайырымдылықты көбірек жасау керек. Нәпіл (қосымша) құлшылықтар адамның иманын көтереді. Ал иманы көтерілген адам барлық қиындықтарға төзіп, оразасы жеңіл өтеді. Қолда барын дін үшін жұмсауға құлшынады.
🌼 7. Сапарда жүрген адамдардың, жүкті әйелдердің және басқа да ауруы бар, қарт сияқты үзірлі адамдардың ораза ұстамауына рұқсат етілген. Алайда, ондай адамдар мүмкіндігінше жеңілдіктерді пайдалана отырып, ораза ұстаса сауапқа кенелетіні күмәнсіз. Алла Тағала бұл туралы: «Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде оразасының санын толтырсын»,- деген. ("Бақара" сүресі,185- аят)
Ибн ‘Умардан Пайғамбардың ﷺ былай дегені жеткізіледі: «Ақиқатында, Алла Тағала Өзінің тыйымдарының бұзылуын жек көретініндей, тура сол сияқты Өзінің түсірген жеңілдіктерінің қабылданғанын да жақсы көреді» (Ахмад 2/108, Ибн Хиббан 2742)
Міне, осындай ізгі амалдардың барлығы адамға рухани күш-жігер беріп, оразаны жеңіл өткізуге жетелейді. Алла Тағала біздің құлшылықтарымызды жеңілдетіп, Қияметте сауап таразымызды ауырлатсын деп тілейміз.